Ақынның тілімен айтқанда, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қара орамалға айналған Қарағанды лагері жер-әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі тағдырды тоғыстырды. Алағай да бұлағай заманның зарын естіген, бұлқынған, күрескен, үзілген жүректердің жанайқайын тыңдаған, адам төзбес әділетсіздікке куә болған осы мекен. Содан кейін де қасіретті топырақ атанды.
Арқаның аязды даласы, аңызақ желі сол жылдары көптеген шығармашыл жанды да жауратты. Мүсінші, композитор, актер, биші, ақын-жазушылар... Қолдан жасалған қылмыстың мың-сан құрбандарының бірі – суретші Ирина Борхман. Ол 1902 жылы Мәскеуде дворян отбасында дүниеге келген. Әкесі – дәрігер. Мектепті бітірген соң 1921-1924 жылдары 2-ші МГУ-дың педагогика факультеті әдебиет-лингвистика бөлімінде білім алады. Талантын шыңдау үшін ВХУТЕМАС-тың көркемсурет класында, ВХУТЕИН-нің сурет сыныбында, кейін 1927-1930 жылдары Мюнхенде Қолданбалы өнер мектебінде, Штарнбергтегі (Алмания) Бритша атындағы сурет өнері мектебінде, Машков пен Юонның студияларында оқыды. Бұл бір бар ғұмырын күрт өзгертер алдағы жарылыстан еш хабарсыз бақытты шақ еді.
Шығармашылық өмірі де қыза түсті: 1932 жылдан бастап көрмелерге қатысты. Суретшілер одағына өтті. Әсіресе 1937 жылы Парижде өткен халықаралық көрменің әсері ерекше. Одан бөлек «Окна ТАСС» және зығыр өндірісінде жұмыс істеген. МОСХ құрамының тоқыма мата секциясына да кірді.
Борхманның ұлты неміс еді. Басына төнген қауіп те сол немістігінен келді. 1941 жылдың күзінде Фрунзеде неміс болғаны үшін тұтқынға алынды. Шпиондық жасады деген айыбы тағы бар. Сол жылдың көктемінде НКВД жанындағы ОСО шешімімен 58-бап бойынша 10 жылға кесіліп, лагерьге айдалды. 1942-1951 жылдары Қарлагтың Долинка, Просторное, Лысая гора лагпункттерінде жазасын өтеді. Тігін фабрикасында, бақта, қой фермасында аспазшы, от жағушы болып жұмыс істеді. Ауруға шалдығып, шаруашылық жұмыстарына ауысқан соң, өлімнен аман қалды деседі. Сонда да қара жұмыс, лагерьдегі тұрмыс денсаулықты алмай қоймайды. Суретшінің 1944 жылы көзі нашарлай бастады. Содан кейін емделіп, конторда, өрт сөндіру бөлімінде еңбек етті. 1948 жылдан бастап сурет салды: қабырға газеттерін, клуб сахнасын, плакаттарды, өрт сөндіру бөлімін, құрылыс бөлімі бастығының кабинетін безендірді. Лагерьдегі суреттерінің біреуін қарындаш болмаған соң, шошқаның қанымен салған.
1951 жылдан бастап Песчанлагтағы ауыр еңбекте болды. Мерзімі бітіп бостандыққа шығып, Ақмола облысының Журавлевка ауылындағы арнайы қонысқа айдалады. Онда аудандық ауруханада тіркеуші болып жұмыс атқарды. 1956 жылдың сәуірінде айдаудан босатылып, сол жылы ақталды. Мәскеуге оралып, Суретшілер одағындағы мүшелігі қалпына келтірілді. Жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істеп, 1957 жылы Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс паркін Халықаралық жастар фестиваліне дайындау жұмыстарына да үлес қосты. 1960 жылдан бастап гобеленмен айналысты.
Бүгінде суретшінің он шақты еңбегі – лагерьдегі суреттері мен акварельдері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы. Атап айтсақ, «Үйге» (1955), «Жел» (1954), «Тастар арасындағы қайың» (1955), «Таулар мен тастар» (1955), «Қалам құдіреті» (1949), «Киров көшесі» (1950), «Шаш қию» (1950), «Жаңбыр» (1954), «Шортанды көлі» (1955). Аталған мұражайдың ғылыми қызметкері Айгүл Омарованың айтуынша,әр туынды әртүрлі жолмен келген. Кейбірі жеке авторлардан сатып алынса, кейбірін туыстарынан сұрап алған. Мұражай қорына арнайы әкеліп, тапсырғандар да бар.
Жалпы, жазасын өтеуші суретшілердің өнері хақында алғашқы көлемді зерттеулер 80-жылдардың соңында – Қарағандыда облыстық бейнелеу өнері мұражайының ашылуымен басталды. Музей қызметкерлері шеберханаларды аралап, Мәскеуге, КСРО-ның басқа да қалаларына барып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Ол уақытта кей суретшілер тірі болғандықтан, естелігін жазып алу, мұражай қорына суреттерін, графикасын, мүсіндерін, құжаттарын алу маңызды болды. Баспасөз беттерінде хаттар, лагерьдегі өмірден үзінділер жариялана бастады. Еске салсақ, 1990 жылдардың басы мен 2000 жылдардың соңында Қарлаг мұрағаты уақытша ашылған еді. Міне, осы уақытта бірқатар зерттеу жүргізіліп, құжаттар мен естелік-хаттар қолға түсті.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының дерегінше, аталған өңірге репрессияланған суретшілер шамамен отызға жуық. Музей қорында олардың 800-ге тарта еңбегі сақталған. Ал оның ішінде Қарлагта болған он бес суретшінің 300-ге жуық картинасы бар. Ескерте кетейік, бұл тек музей қорында деректері тіркелген авторлар ғана (оған қоса зерттеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр). Яғни лагерьде жазасын өтеген суретшілердің нақты саны емес. Ол, әрине, он бестен көп. Жоғарыда айтқанымыздай, Қарлагта қанша адам тұтқында болғаны туралы нақты мәлімет жоқ: суретшілердің саны, жалпы өнер адамдары да солай. Сол себептен де лагерьдің мәдени өмірі туралы тереңнен қаузай алмаймыз. Десек те лагерьге түскен шығармашыл жандардың тағдыры ұқсас – жаласы бір.