Графика – бейнелеу өнерінің ең көп таралған түрі. Натурадан эскиздер, тақырыптық, портреттік немесе пейзаждық суреттер, кітаптар мен журналдардың иллюстрациялары, карикатуралар, плакаттар – бұл графиканың түрлері. Графика бейнелеу өнерінің ең көне түрі болып табылады. Қарапайым шағын қағаз бетінің көптеген артықшылықтары бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – техникалық орындалудың салыстырмалы қарапайымдылығы мен жылдамдығы. Графикада негізгі бейнелеу құралдары (графикалық) бейнелеу жазықтықтың (көбінесе ақ қағаз парағы) қасиеттері және сызықтардың, штрих сызықтар мен дақтардың үндестік қатынастары болып табылады. Бейнелеу өнері түрлерінің ішінде тек графика ғана түпнұсқа түрінде қалып, көшірмеші жұмысынан, көшірмелік үдерістерден де өзгермей, автор шығармасының бірінші данасының сәйкестігін сақтай отырып, ондаған рет (баспа графика түрінде) көбейтуге жарамды.
Музейіміздің алғашқы күнінен бастап қорға қазақстандық графиктердің көптеген графикалық қағаз беттері түсе бастады. Бірінші кезекте, әрине, қарағандылық суретшілеріміздің жұмыстары болды. Мысалы, П.С.Андреюк, П.К.Антоненко, П.И.Реченский сияқты суретшілердің жұмыстарында қаламыздың құрылысы, өлкеміздің ауыл шаруашылығының дамуы, шахталардың ескі террикондары, лирикалық пейзаждар, портреттер бейнеленген.
Ә.Ысмаилов, В.Антощенко-Оленев, Ү.Әжиев, Е.Сидоркин сияқты басқа қазақстандық суретшілердің туындылары бізге Алматы қаласының ККД-нан (көркемөнер көрмелерінің дирекциясы) келіп түсті.
Бүгінгі таңда музей қорында «Қазақстан графикасы» бөлімінде 5 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Олардың көпшілігі әртүрлі көрмелерде жиі көрсетіледі.a