Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Алғашқылар» деген атаумен көрме ашылды. Ол Қарағанды облысының алғашқы суретшілеріне арналған циклды жалғастыруда. Экспозицияға Қарағанды жеріне қуғын-сүргін салдарынан қоныс аударған шеберлердің 50 жұмысы енгізілген.
- Мұражай қорында қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің картиналарының үлкен топтамасы бар. Мұнда ұсынылып отырған жұмыстар оның тек шағын ғана бір бөлігі. Көрме өте жақсы ұйымдастырылған және қуғын-сүргін құрбандарына байланысты тарихтың бір қырын бейнелейді, - дейді өнертанушы Наталья Иванина. - Мысалы, Эйферт ұлттық белгісі бойынша қудалауға тап болған. Ол Қарағандыда ұзақ уақыт өмір сүрді. Мұнда көркем өнер бойынша мектеп құрған. Экспозицияда оның шәкірттері Виктор Буш, Гелярий Гилевскийдің және басқалардың жұмыстары қойылған.
Өнертанушының айтуынша, көрме «Алғашқылар» деп бекерден аталмаған. Жұмыс авторлары Қарағанды мен Қарағанды облысының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Қазақстанның бейнелеу өнерінің бастауында тұрған.
- Шынында да, олар мұнда көркем мәдениетті жандандырған алғашқы суретшілер, - деп атап өтті Наталья Иванина.
Акварелист Артур Фонвизин соғысқа дейін аты әлемге танымал суретші болды. Леонид Гамбургер театр суретшісі болған және сабақ берген.
Көрме ашылғаннан кейін «Қуғын-сүргінге ұшыраған ғылым және мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Карлаг тарихын зерттеушілер қатысты.
Облыстық мұражайдың ғылыми қызметкері Айгүл Омарова «Генрих Фогелер» атты кітап-альбомын таныстырды. Басылымдар қалалық кітапханаларға және облыстық мұрағатқа берілді.
- Мұражай «Естелік беттері» жобасын бастады. Бірінші кітап неміс модернінің негізін қалаушылардың бірі, антифашист-суретші Генрих Фогелердің өмірі мен шығармашылығына арналған. Біз жобаны жалғастырамыз және суретшілер туралы кітаптар сериясын шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді Айгүл Омарова.
«Алғашқылар» көрмесі 5 мамырға дейін жалғасады.