ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МУЗЕЙІНДЕ ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ҚАРАҒАНДЫ ФИЛИАЛЫ ЖЫЛ САЙЫН КӨКТЕМ КӨРМЕСІН ӨТКІЗЕДІ. ОСЫ ЖОЛЫ ОНДА БЕЛГІЛІ ШЕБЕРЛЕРМЕН ҚАТАР, ЖАС СУРЕТШІЛЕРДІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ ДА ҚОЙЫЛДЫ. БІЗ БАРЛЫҚ СУРЕТШІНІҢ ЕСІМ-СОЙЫ МЕН ӘРТҮРЛІ СУРЕТТІҢ БАСЫН БІР ШАЛҒАННАН КӨРІ, БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫНА ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІП, ЖҮЙЕЛІ ПІКІР ӨРБІТКЕНДІ ЖӨН САНАДЫҚ. СОНЫМЕН, СӨЗ – КӨРМЕДЕГІ ТЕМІРТАУЛЫҚ СУРЕТШІ ҚУАТ АСҚАРОВТЫҢ «САРЫАРҚА ЖЕҢІСІ» ТУЫНДЫСЫ ХАҚЫНДА.

 
Қуат АСҚАРОВ, сурет авторы:

 

 

«Біріншіден, мен хоккей ойынын өте жақсы көремін. «Сарыарқа» командасының жанкүйерімін. Екіншіден, биыл қаламызға – 85 жыл. Сондықтан, сюжетте команда ойыншылары мен қала көріністерін көрсетуге тырыстым. Шығарманың ортаңғы бөлігіндегі ойыншы – «Сарыарқа» командасының капитаны. Түстердің шешімін екі түрлі мағынада алдым, сары – алтынның, яғни, жеңістің түсі әрі Сарыарқа даласы. Осы сары түске көк түс жақсы үйлеседі, әрі ол біздің ұлттық түсінігімізге тән, аспан түстес туымыздың түсі. Ал, петроглифтер өлкеміздің бай тарихынан хабар береді.


Жерлесіміз Нұркен Әбдіровтың ескерткіші арқылы біздің жерімізде батырлар көп болған және бола береді дегім келеді. Кеншілер мәдениет сарайы спортпен қатар, мәдениет те қалыптасқанын айғақтайды. «Қарағанды-арена» болса, қаламыздың жаңа тынысы, келбеті. Салынып жатқан құрылыс жұмыстары болашақты меңзейді. Яғни, қаламыз әрі қарай да дами түспек.


Сондай-ақ, Қазақ даласын жылқысыз елестету мүмкін емес. Ол әрі еркіндіктің символы. Қыран құс пен жылқылар арқылы спортшылардың мінезін де бергім келді. Еркін, қырағы, жүйрік.


Спортшылардың қолдарын жоғары көтергені әрі ортаңғы бөліктегі сары түстер арқылы жеңісті бергім келді. Сол себепті, қарсыластың қақпашысын тізе бүктіріп бейнеледім».


Назерке ЖАРТЫНҚЫЗЫ, облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері:


«Екі көріністен тұратын сюжетті жұмыс. Алдыңғы көріністе нақты іс-әрекет берілсе, екіншісі оны толықтырып тұр. Суретші жылы және салқын түстерді пайдаланып, түс арқылы шығарманың негізгі мағынасын толықтыра түскендей. Туындының негізгі ортаңғы бөлігінде «Сарыарқа» хоккей командасының ойыншыларының топтық образы сомдалған.


Ойыншылардың доптаяқтарын жоғары қарай көтеріп тұрғаны – оларың жеңісінен хабар беріп тұр. Ең алдындағы ойыншыны қыран құс қанатымен иығынан сипап бара жатқаны – ойыншылардың қырандай қырағылық танытқандығын білдірсе керек. Спортшылардың спорттық киіміне назар салсақ, олардың негізгі белігілерінде осы қыран құс бейнеленген. Ал тізе бүгіп отырған қарсыластың қақпашысы шайбаны жіберіп алғанына сенбей отырғандай.


Шығарманың сол жақ бөлігінен алдын орай, оң жақ жоғарғы бұрышына қарай құс жолы іспеттес екі ақшыл жолақ өткен. Қос ұшақтың жолағы. Ұшақтардан қалған іздер – Қарағанды ғарыш айлағы екенінен хабар беріп тұр. Батыр Нұркен Әбдіровтың ескерткіші – біздің Сарыарқа даласы батырларын мақтан тұтатынын білдіреді. Қос жолақ бұл адамның ұшқыш болғанын да меңзейді.


Суретші түстерді диагональ арқылы береді. Ортаңы түсті сарымен беруінің өзі Сарыарқа даласы мен «Сарыарқа» командасының спортшыларын меңзейді. Сарыарқаға тән өсімдіктердің бірі – селеу өсімдігімен табиғатын ерекшелеген. Қыран әрі жылқылармен бірге ойыншылардың алға қарай ұмтылуы тасқындаған жігерді әйгілейді. Төменнен жоғары қарай өткеніміз, ортасында – қазіргіміз, сол жақ жоғары қарай кеңістік. Сары түс – Сарыарқа, көк түс – бейбіт заман, тәуелсіздік».