Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Сүйікті қала» атты көрме ашылды. Онда 200-ден астам туындыларды тамашалауға болады. Барлық жұмыстар Саран қаласының балалар өнер мектебінің оқушылары және мұғалімдерімен орындалған.
Экспозицияда кескіндеме, графика, мүсіндерді көруге болады. Вернисажға қатысушылар қоршаған әлемнің сұлулығын көрсетуге тырысқан.
- Қарағандыда біз алғаш рет туындыларымызды ұсынып отырмыз. Саран қаласында біз осындай көрмелерді жиі өткіземіз. Қазір біз соңғы жылдардағы жұмыстарымызды көрсету туралы шешім қабылдадық. Көрменің басты тақырыбы – туған өлкеге деген сүйіспеншілік. Желтоқсан айында Саран 65 жасқа толады, ал біздің мектепке биыл 60 жыл. Біз бұл көрмені сүйікті қаламыздың мерейтойына арнаймыз, - дейді Саран қаласының Балалар өнер мектебінің директоры Зәуреш Қожухова.
1959 жылы Саран қаласында алғашқы музыкалық мектеп ашылды. Кейін онда көркем бөлім және хореография бөлімі пайда болды. Бүгінгі таңда Балалар өнер мектебінде 950 бала оқиды.
Көрменің ашылуында мектеп оқушылары мен педагогтарының орындауында жанды музыка шырқалды.
- Көрмені ашуға өз мектебін қолдау үшін біздің музыканттар да келді. Айтпақшы, біздің домбырашылар кеше ғана Прагадан оралып, Гран-при жеңіп алды, - дейді Зәуреш Қожухова.
Көрме экспонаттары туған өлкенің табиғатына, Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Әр түрлі дәстүрлі емес техникамен қатар сурет салудың академиялық тәсілдері де ұсынылған.
- Мен Саран қаласындағы Балалар өнер мектебінің көркемсурет бөлімін бітірдім. Қазір Тәттімбет атындағы колледжде оқимын. Мен бала кезімнен сурет саламын. Ал бұл көрмеде менің мектептік дипломдық жұмысым ұсынылды. Мен аң аулауға бара жатқан қазақ жігітін салдым, - дейді Тимур Серғалин.
Көрмеде ұсынылған шығармалар бойынша қазіргі заманғы дүниетанымды қалыптастыру, көлемдік-кеңістіктік және абстрактілі ойлау, өскелең ұрпақтың көркемдік талғамын тәрбиелеу туралы айтуға болады. Көркем және графикалық жұмыстарда жас суретшілердің қоршаған болмысын байқап көру мүмкіндігі бар.
«Сүйікті қала» көрмесі 5 сәуірге дейін жалғасады.