Қарағанды облыстық бейнелеу мұражайында Наурыз мейрамы тақырыптық көрмемен атап өтілді. Экспозиция қазақ ұлттық оюларына арналып отыр. Көрменің ашылуына №16 мектептің оқушылары мен ата-аналары, сондай-ақ №3 спорт мектебінің оқушылары қатысты.

 

Мереке «Қоныс» интерактивті шарамен басталды. Оқушылар мұражай қорынан берілген киіз үйді безендіріп, тұрмыстық заттар мен көркем-қолөнер бұйымдарын орналастырды. Мұражай қызметкерлері тұрмыстық заттарды қалай пайдалану керектігін және киіз үйдегі олардың орналасу ретін түсіндірді. Қатысушыларға «Аластау» және «Көрісу» салт-дәстүрлері көрсетілді. Спорт мектептірінің оқушыларына сайыстар әзірленді. Қыздар «Текеметті жинау» және «Наурыз көженің құрамын жина» атты интерактивті сайысына қатысты. Мектеп оқушылары концерттік бағдарлама әзірледі. Соңында барлығы қосылып, «Қара жорға» биін билеп, наурыз-көжеден дәм татты.

 

Әсемдік-қолөнер бұйымдары көрмесінде мұражай қоры мен «шебер» шеберхана орталығының жәдігерлері назарға ұсынылды. Келушілер нэцке техникасында орындалған ағайынды Жүнісовтердің жұмыстары мен 19-шы ғасырдағы әйелдердің әшекейлерін тамашалай алады. Сонымен қатар қарағандылық суретші Наталья Вшивцеваның жеке топтамасынан алынған тоқылған және тігілген кілемдердің әсем композицияларын көруге болады.

 

Көрме Наурыз мейрамына арналады, жәнеде 30-шы наурызға дейін жалғасады. Бейнелеу өнері мұражайының мекенжайы: Бұқар жырау даңғылы, 76.