Аналар шеккен қасірет

 М. А. Елубаева

Мәдениет саласының үздігі,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері

музейі басшысының орынбасары

                                                                                        Қарағанды қ.,  Қазақстан

 

Қазақ әйелдерінің саяси қуғын - сүргінге ұшырауы.

Төл тарихымызға үңілгенде қуаныштан гөрі қайғы - қасіретке белшесінен батқан тұлғалар тағдырына көп кезігеміз. Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан бері елдікті ту етіп, келер ұрпақтың қор болмауын көксеп, Отан үшін сан мәрте отқа түсті десек те артық айтпаған болар едік. Қаймағы бұзылмаған елдік сана Кенесары сынды біртуар ұлдардың ұлтқа қызмет етуіне сеп болды. Айғаным сынды аналар Шоқандай ұлды тәрбиелесе, Ұлжандай анасы мен Зередей әжесі Абайдай ғұлама, ұлды тәрбиелеп, ұлтқа өлшеусіз қызмет етті.

1930 жылдары Кеңес Одағында социалистік қатынастар қалыптасып, сталиндік тоталитарлық жүйе орнықты.

1928 жылы Кеңес үкіметінің басшылығына келген И.В.Сталин 1929 жылды «ұлы бетбұрыс» жылы деп атады. Халықтың есінде ешбір жазықсыз миллиондаған адамның өмірін жалмаған сталинизмнің «ұлы бетбұрыс» кезеңі мәңгі қалды.

Саяси қуғын - сүргінге ер - азаматтармен қатар әйелдер де, балалар да ілікті. Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргізілген репрессиялық шаралар қоғам өмірінің барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бірде - бір елді - мекен, бірде - бір отбасы аман қалмағандығы бәрімізге жақсы таныс. Кеңестік саясат ұлтжанды азаматтарды, тіпті қарапайым адамдарды да «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесіп немесе еңбекпен түзеу лагерлеріне айдағанда, олардың отбасы мүшелері, туған - туыс, көрші, таныстарына дейін қудалауға ұшырады. Жазығы жоқ, өмірдің қатігездігінен бейхабар сәбилер «ата - анасы үшін» Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) жетімектеріне айналып, «Кеңес өкіметінің балалары» ретінде «қайта тәрбиеленді». Осылайша ұлттың тұтастығы мен елдің бірілігіне сызат түсіп, ұлттың ерік - жігері әлсіреді. Отбасы институтын бүлдіру саясатының түпкі мақсаты да осы еді.

Отбасы жылылығы әйел - ананың жанұяда алатын орнымен тығыз байланысты екендігі де даусыз. Ұғына білген адамға әйел сөзінің астарында елдік идеясы жатыр. Ал, кеңес өкіметі қазақ  әйелдерінің «теңдігі» мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, оны өз  саяси мақсат - мүддесіне орай шешті. Нәтижесінде ғасырдан - ғасырға жалғасып, ұлттың ұйытқысы болған отбасы бірлігіне, тәрбиесіне зиянкестік жасалды. Әйелдерге қатысты жүргізілген саяси шаралар жаппай қуғын - сүргінге жол ашты. Зиялы қауым үшін өмірдің мәні кетіп, құны жоғалды. Саяси қуғын - сүргінді күшейту мақсатында жоғарыдан үсті - үстіне келіп жатқан бұйрықтар ұлттың бірлігі мен елдің тұтастығын бұзды. Саяси қуғын - сүргін қазақ ұлтының болашағына қарсы бағытталды. Бөлшектеу саясаты ұлттың рухын әлсіретті. Бір адамға жала жабу арқылы бірнеше адамды айыптау заңды құбылысқа айналды. Ешкім де өзін қауіпсіздікте сезінбеді. Екі жақты қулық, екі жүзділік үйреншікті әдетке, ал «ғайбаттау» өмір сүру құралына айнала бастады.

1926 жылғы қылмыстық кодекс Кеңес өкіметінің қуғын - сүргін саясатының заңдық негізін жасады. Сондай - ақ қуғын - сүргін шараларына жол ашатын жаңа баптар жылма - жыл қылмыстық кодекске қосылып отырды. Кейбір архив құжаттарында саяси қуғын - сүргінге ұшыраған әйелдердің аты - жөні, тегі, туған жылы, үкімі, және өзге де қажетті дерек көздері жазылмай қалған. Тіпті «тұтқындардың» қылмыстық іс - қағаздары дұрыс толтырылмаған. Қарындашпен жазылған кейбір парақтар сарғайып кеткендіктен, кейбір адамдардың аты - жөні көрінбейді де. Жазықсыз сотталғандар есімдері ескірген қағаз бетінен өшіп қалу қаупі бар. Олар бір қарағанда жай ғана тізім секілді көрінуі мүмкін, бірақ сол тізімде қаншама қайғы - қасірет жатыр. Түрмедегі сотталған әйелдердің қылмыстық істерінің басым көпшілігі 1 парақтан ғана тұрады. Сол бір парақтың өзінде де толық мәлімет жазылмай, тек қана, №1092 іс; Байғанатова Татий  1932 жылы ҚК - ң 166 - 72 баптарымен сотталған. Жасы 45 - те. Партияда жоқ. Кедей. Колхозда жұмыс жасайды. Байғанатов Мақсұтпен бірге ат ұрлаған. Ол кісінің әрі қарайғы тағдыры беймәлім, Себебі, басқа мәлімет жоқ. Қылмыстық істердің кейбірінде жазаға тартылған әйелдердің бармақтарының ізі басылып, түр сипатына (шашының түсі, бойының ұзындығы және т.б.) қысқаша анықтама берілген. 79 жасында РСФСР ҚК - ң 58 бабымен ОГПУ шешімімен сотталған Кубжасарова Райса әжеміздің №523 - ші, үш парақтан тұратын қылмыстық ісінде ауылшаруашылығымен айналысқандығы және 1931  жылы 20 қарашада сотталғандығы ғана айтылған. Кәнігі қылмыскерше саусақтарының таңбасы алынған.... Сонымен қатар сотталған әйелдердің әлеуметтік жағдайы да қатаң ескерілді. Мәселен, орташа және ауқатты, бай тегінен шыққандардың арыздары қанағаттандырылмады. Сонымен қатар өзге аймақтардан арнайы жер аударылған әйелдер де қудалауға көп ұшыраған. Қазақстанға жер аударылып, өзге аймақтардан сотталып келген өзге ұлт өкілдеріне «шетелдік шпион» ретінде қарау үрдіске айналған. Мәселен, Мария Петровская деген азаматша дворян тұқымынан шыққандығы әрі ұлты поляк болғандығы  үшін «шпион» ретінде айыпталды. Себебі, оның әкесі бұрынғы генерал - майор болғандықтан, фашистермен байланыс орнатқаны үшін РСФСР ҚК - 58 - б және 58 - 10 - баптарымен, 1937 жылы «Халық жауы» ретінде жазаға кесілген. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Істің  ақ - қарасына қарамай, жалпылама айыптау жоғарыдан бұйырылғандықтан адамның аузы бармайтын заңсыздықтар жалған «топшылаулар», «сырттай болжамдар» дәлел ретінде қылмыстық іске тіркеле берген. Ал ұрып қорқыту, психологиялық қысым жасау арқылы «қылмысты мойындату әдісінің» өзі қуғын - сүргін саясатының басты тірегі болды. Сотталғандардың ешқандай құқықтары болмады. Заң әйелін күйеуіне, ағасын інісіне, баласын ата - анасына қарсы сөз тасуға мәжбүрледі. Күн көріс жағдайының өте нашар деңгейі салдарынан өз малын өзі сойып жеген немесе уыс бидай ұрлаған әйелдер «кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік іс - әрекеті» үшін сотталып кете барған. Сөйтіп, қылмыстың қоғамдық өмірден орын алу себебін тексерудің орнына «зиянкестер» қолдан көбейтілді.

1937 жылы 15 тамыздағы Ішкі істер Халық Коммисарының талай жанның басына қасірет үйірген 00486 нөмерлі шұғыл бұйрығы жұртшылыққа жақсы таныс. ЧСИР (Отанын сатқанның обасы мүшесі) немесе ЖИР (Отанын сатқанның әйелі) сөзі сот істерінде күнделікті қолданылды. Тіпті, «Халық жауы» деп айыпталған тұлғаның ажырасқан әйелдерін де тұтқынға алу заңдастырылды. Отанын сатқандардың әйелдерін әлеуметтік қауіптілік деңгейіне қарап 5 - 8 жылдан кем емес мерзіммен лагерьге айдау бұйырылды. Сөйтіп, күйеулерін іздеп, оларды жаладан арашалауға ұмтылған әйел - аналардың тағдыры ойыншыққа айналды. Партия комитетінің шешіміне сенбей, күйеуіне сенгені үшін де талай мыңдаған әйелдер сотталып, еңбекпен түзеу лагерьлеріне айдалды.

Сол зұлмат замандағы нәзік жандылардың естеліктеріне үңілер болсақ, көзге жас алмай оқып шығу мүмкін емес, жаның түршігеді.

Клара Әмірқызының «қиылған ғұмырлар» еңбегінде: «Таяққа сүйеніп, жасы 70 - ке келіп  отырған ананың 33 жасар келінін «Халық жауы» деп үйден сүйретіп әкетіп бара жатқанда, үш жасар немересі - Еркіні мен алты жасар Сайдалысы қара киімділдерден үріккен күйде күңірене дауыс салған аруана әженің бауырына тығылып қала берген екен» - деген жолдар сол заманның адам айтқысыз жауыздығын көрсетеді. 35 жасында Алматы түрмесінде атылған Шаһизада Шонанованың тағдыры да жантүршігерлік жағдай...

Уәзипа Майжолова өз  естелігінде: «..Әлі есімде, 1937 - жылдың қарашаның 6 - жұлдызы болатын. Ол кісіні (Зәки) облыстық партия комитетіне бюроға шақырды. Сол менің оны ақырғы рет көруім екен ғой. Қайдан білейін. Оны сол бюрода отырған жерінде ұстап алып кетті. Жалғыз қызым бар. Ол кезде үш жаста. Мен ол уақытта пионерлер ұйымында жұмыс істейтінмін. Зәкиді жапқаннан кейін мені комсомолдан шығарды, жұмыстан да кетірді. Қайным, оқып жүрген бауырларым да менің кебімді киді. Жеңгем 8 баламен жесір қалды. Күйеуім Зәки Күленовты 1938 жылы наурыздың 5 - күні атып, содан 1938 жылы наурыздың 17 - күні Семейде мені жапты. Бір кештің арасында біз, Семейдің 17 жауапты қызметкерлерінің әйелдері бірден жабылдық. Балаларымызды детдомға алып кетті. Қолдан келер шара жоқ. Көз жасыма малынып, ойбайлап қала бердім. Мені лагерьге жіберген уақытта артымда кәрі шешем қалған - ды. Біздің күйігімізден ол кісі де көп ұзамай қайтыс болды. Екі ұлы, күйеу баласы, қызының зобалаңға түскенін көтере алмады. Менің қызым екі ағамның 10 баласы барлығы 11 көген көз жетім қалды...» - деп сол заманның заңсыздығын айғақтайды.

Әр естелікті қарап отырып жүрегің қан жылайды. Мысалы, .....Үлкеніміз Сұлтанбек халық жауы деген аттан құтылу үшін 16 жасында жасын асырып, соғысқа сұранған екен. Шешеме жазған хаты есімде қалыпты. Онда «әкеме, бүкіл отбасыма жабылған жаланы қанмен жуамын» деген сөз бар... 19 - ға жетпей майданда қайтыс болды...» деп жазады. Ана қасіретінің, ұлт қасіретінің ауқымын осыдан - ақ байқауымызға болады.

Жақып Ақбаевтың қарындасы, Нығмет Нұрмақовтың жұбайы Зүпнұн апай және Т.Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова, Күләндам Қожанова, С.Меңдешовтың жұбайы Рәзия, С.Сейфулиннің жұбайы Гүлбаһрам, Б.Майлиннің жары Күнжамал, Т.Жүргеновтың жары Дәмеш, С.Асфендияровтың жары Рабиға, Жанбике Шанина, Айша Қабылова айта берсек өте көп тағы да басқа танымал қайраткерлердің жұбайлары РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 - бабының 17 - ші тармағымен сотталған еді. Жазықсыз айыпталған аналарды санап шығу мүмкін емес. Кезінде ІІХК жендеттері жойып жіберген біз білмейтін құжаттармен бірге жоғалған тағдырлардың қаншама екендігін кім біледі. Күйеулері айдалғанда, аштыққа да, азапқа да қарамай, балаларын аман сақтай жүріп, күйеулерінің соңынан іздеген қазақ әйелінің ерлігін айтуымыз керек. Тіпті, еңбекпен түзеу лагерлері мен түрмелерде де қазақ әйелдерінің өзге ұлт өкілдеріне жасаған кеңдігін, қайтарымын жиі естиміз.

Күйеулері қудаланғанда көрген қорлық пен азаптарына қарамай, айдалған күйеулерін табандылықпен іздеп барған, лагерьге қамалса да балалары мен жарларын ойлап өмір сүрген, тұтқыннан босағаннан кейін де балаларын жан ұшыра іздеп тауып алып, тегін ұмыттырмай, бейнеттене жүріп оқытқан әйелдердің, әсіресе қазақ әйелдерінің қайраты мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа өшпес тағылым. Олар жүректері қайғы - шерге толған, әбден шаршап - шалдыққан, бірақ белден кешкен азапқа төтеп бере білген рухы биік, ерекше әйелдер еді!

Ұлы Отан соғысындағы қазақтың батыр қыздары жайлы айтар болсақ.

Ия, ел басына қатерлі күн туғанда қолына суық қаруды ұстап, Отан қорғауға аттанбаған, немесе тылда «Бәрі де Жеңіс үшін!» деп тер төкпеген адам, соғыс өрті шарпып шаңырақтары ортасына түспеген отбасы жоқ шығар.

Осындай қиын сәттерде қан мен терін төгіп, нәзік қолдарын майдан даласына құрбан етіп, үлбіреген қауырсын ғұмырларын соғыс даласына қиып, әйел деген атын ұмытып, жан - тәнімен қара жұмыс зардабын татып, қатерлі шақта ең асылы өмірлерін біздің жарқын жағдайымызға арнаған, әжелеріміз бен аталарымыздың қажырлы еңбектері бүгінгі жас ұрпақ жадында ешқашан ұмытылмақ емес!

Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы күресіп жеңіс туын желбіретуге қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановалар үлкен үлес қосқанын барлығымыз жақсы білеміз. Осындай елі үшін, Отаны үшін жанын пида еткен батыр қыздардың портреттері біздің музей қорында да сақталған.

Батырлар ерлігі әрдайым ұрпақққа үлгі. Сондықтан да бүгінгі біздің жарқын болашағымыз үшін жан аямай, қасық қандары қалғанша күрескен батырлар ерлігін ұлықтау біздің азаматтық парызымыз деп білемін.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында танымал суретшілердің қасиетті қылқаламынан шыққан  Әлия Молдағұлованың төрт портреті бар, олар: Р.Есіркеев «Әлия Молдағұлованың портреті». 1961ж. Кенеп, майлы бояу.  Ә.Қайдаров. «Әлия». 1985ж. Кенеп, майлы бояу. Ачилов И.Ш. «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сүреңсіз жастық шағы». 1975ж. Кенеп, майлы бояу. Тканко В.Д. «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың портреті». 1948ж. Кенеп, майлы бояу. Мен соның екеуіне тоқталуды жөн деп санадым.

Қарағандылық суретші Райымқұл Есіркеевтің қылқаламынан шыққан «Әлия Молдағұлованың портреті» кенепте, майлы бояу техникасында орындалған тамаша туынды.  

Р.Есіркеев. «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова».  1961ж. Кенеп, майлы бояу.

Суретші қазақтың батыр қызы Әлияның қолында снайпері бар, көзінен жауға деген жек көру мен өшпенділікті сезуге болады.

Әлия молдағұлова кеңес мергені, ефрейтер, Кеңес Олағының батыры. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында 2 - ші Балтық жағалауы фронтында 22 - ші әскердің 54 - ші арнайы атқыштар бригадасында қызмет еткен.

Әлия 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобды ауданына қарайтын Бұлақ ауылында дүниеге келген. Биылғы жылы туғанына 100 жыл толып отыр. Азан шақырып қойған есімі Ілия. Әкесінің есімі Нұрмұхаммед Сарқұлов, анасы Маржан Молдағұлова. Әлияның Бағдат есімді артынан ерген інісі болды. Бірақ, Әлия 8 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, әкесі екі баламен жалғыз қалады.

Әлия тағдыр тауқыметімен 12 жасында Ленинградтағы №46 балалар үйіне түседі. Балалар үйіндегі орыс достары оны Лия деп атап кетеді. Әлия өзін майдан қатарына алу туралы бірнеше рет өтініш білдіреді, ақыры дегеніне жетіп 1942 жылдың желтоқсанында, майданға аттануға деген үздіксіз өтініші бойынша Әлия снайпер нұсқаушылар мектебіне оқуға түседі. Командирлер: «Нағыз снайпер - бұл жоғары білікті маман. Қай жерде нағыз снайпер болса, жауда бір минут тыныштық болмайды» дегенді құлаққа құйды. Әлияда еш қиындыққа қарамастан жақсы оқыды. Ол әрдайым өзінің ептілік пен айлакерлік, төзімділік пен шыдамдылығын дамыту жолында көп еңбек етті.

Бірақ, негізгі міндет - дәл тигізуді үйрену болатын. Ол оқу кезінде өте мұқият болды, тәлімгерлер үйреткеннің бәрін үйренді. Ал мылтықты өте қымбат зат ретінде көріп, әрқашан оны таза ұстады. Көпшілігінен жылдам атуды үйреніп нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, ату техникасын сәтті меңгеріп шықты. Оның достары оның төзімділігі мен мінезінің беріктігіне таң қалатын.

Әлия қолы босай қалса туысқан апасы Сапураға хат жазатын. Сол хаттардың бірінде: «Қымбатты Сапура, мен өзімді сендердің жаныңда, туған Қазақстанымда өмір сүріп жатқандай елестететін боламын. Сендермен көрісіп, туған ауылыма барғым келеді. Бірақ ештеңе етпейді, біздің кездесуімізді, отанға оралуды және жеңісті бірге атап өтетін уақыт келеді әлі» - деген.

Әлия табанды қайсар алған бетінен қайтпайтын қыз болды. Ол снайперлік мектепті үздік аяқтаған кезде, оған эфрейтор атағы берілді.

Мейірімділік пен елгезектік Әлияға туа берілген болса керек. Ал ерлік пен батылдықты, сондай - ақ кеңес халқына қайғы - қасірет әкелген фашистерге деген жеккөрінішті өзі тудырды. Ол әрқашан «Жеңіске жету үшін жауды аяусыз құрту керек» деген өзіне берген антты ұстанып келді.  

 Қайдаров Әмен Әбжанұлы. «Әлия». 1985ж. Кенеп, майлы бояу.

         Әмен Қайдаров 1932 жылы 3 маусымда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында дүниеге келген. 2015 жылы 5 ақпанда Алматыда қайтыс болды. Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор. Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1974), Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының (1980) және «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты. ҚР жоғарғы мемлекеттік марапаттары «Барыс ордені» және «Парасат ордені» - нің иегері. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Қазақстанның Мәдениет және Ақпарат саласының Үздігі.

         Суретші қазақтың батыр қызы Әлияның қолында мылтығы,  Псков қаласының маңында түнгі барлаудағы кезін бейнелеген. Кеңес әскерлері қорғаныста болғанда, Әлия көптеген фашистің көзін құртады. Оның мылтығында: «Комсомолдың Орталық комитетінен өте жақсы атыс үшін» деген метал пластинка болатын.

Әлия туысы Сапураға жазған хаттардың бірінде: «Менен ұзақ уақыт хат келмесе таңғалма. Осы мекен - жайға жаз, сонда себебін білесің. Туыстарға, ағайым мен апайыма менен сәлем айт. Егер балаларды көріп қалсаң, мен үшін беттерінен сүй. Өзіңнің денсаулығың, өмірің туралы жиі жазып тұр. Мен жүрегімдегінің бәрін жеткізіп бітпейтіндіктен, қайта жаза алмаймын. Бірақ, сен жиі жазып тұр қымбаттым. Бетіңнен сүйдім, Әлия!» деген еді. Өкінішке орай, бұл хат соңғысы болатын.

Әлия ақырғы демі таусылғанша Отан үшін жанкешті ерлік көрсетті. Осылайша, өз қалауымен 18 жасында майданға аттанған батыл қазақ қызы 85 - ден 91 - ге дейін немістің көзін жойды.

1944 жылы 4 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1965 жылы Ұлы Жеңістің қарсаңында Псков жеріндегі Монаковода Әлия атымен бауырластар зираты ашылды.

Ел басына қауіп қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігі, қаһармандық өнегесі жас ұрпақ санасынан ешқашан өшпейді!

Ұлы Жеңіс миллиондардың қанымен, майдан даласынан оралмаған боздақтардың арманымен, аналарымыздың көз жасымен, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен келді.

 С.Анарбеков «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова». 1984ж. Кенеп, майлы бояу.

Сергей Анатольевич Анарбеков 1952 жылы 13 ақпанда дүниеге келген. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет учлищесін бітірген (1972). Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (1994). Қазақстандық кескіндемеші, суретші.

Суретші «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова» деп аталатын туындысында қазақтың нәзік ұшқыш қызын бейнелеген.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова - 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытатын Хиуаз апамыз мектеп қабырағасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. Мектепті  тәмамдағаннан кейін №1 Москва медицицна институтына оқуға аттанады. Осы оқу орнының 1 курсын аяқтар уақытта аяқасты соғыс өрті лап берді.

Екінің бірі армандаса да, ілкіде біреу ғана ұшқыш болады. Көк аспанның  төрінде әуелеуді аңсаған Хиуаз бала арманына соғыс басталғанда жетті. Соғыс кезеңінде 300 - ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару - жарақ, қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге оралды. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Осы төсбелгілердің арасында тек бір медальдің орны бос қалған еді. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін арнайы Елбасының басшылығымен 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Араға 4 жыл сала соғыста «Әуенің ханшайымы» атанған қазақтың батыр қызы әуеге тағы көтерілді. Бұл жолы рухы. Бұл жолы мәңгілікке.

Пак Б.П. «Мәншүк Маметованың портреті». 1975ж. Қағаз, офорт

Пак Борис Петрович Қазақстандық график суретші біздің музей қорында суретшінің 15 жұмысы бар десек соның бірнешеуі  Осы Ұлы Отан Соғысы тақырыбында жазылған шығармалар  олар «Ақын Жамбыл Жабаев», «Маншүк Маметова» шағын ғана офорт техникасында салынған.

«Қазақ батыры» десек кез - келген адамның көз алдына қасқыр секілді сұсты мінезді ержүрек, мықты, бүркіт сияқты қырағы жігіт елестейді. Бірақ соғыста әйел адамдардың да ерлік көрсеткенін білеміз.

Солардың бірі батыр атағын арқалаған қазақтың пулеметші қызы Мәншүк Мәметова. Ол Кеңес Одағының батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы.

Сұрапыл майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қазақтың қайтпас қайсар қаһарман қызы, әйгілі пулеметші Мәншүк Мәметова жайлы айтар болсақ. Оның өмірі мен ерлігі турасында талай тағылымды естеліктер жазылды, жазыла да бермек. Өйткені ерлік тарихы мәңгілік тақырып. Қайтпас қайсар қазақтың Мәншүгі өзінің «Максим» пулеметімен жүздеген немісті жалғыз өзі қырды. Немістер мерген қыздың қаһарлы пулеметінің көзін құртуға барын салды. Бірақ, жалғыз өзі қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, өшпес ерлік көрсеткен батыр қыз сол күні, 1943 жылдың 15 қазанында ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Әйгілі пулеметші қыздың өшпес ерлігі жайлы аңыздар майданға желдей есіп, барлық тілде Мәншүк туралы радиохабарлар беріліп, газеттер шыға бастады. Даңқты батыр қыз қаза тапқаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Даңқты пулеметші, қазақтың батыр қызының есімі халық жүрегінде мәңгілік қала бермек.

 Болашақ ұрпақтың тәрбиесіндегі тарихтың орны ешқашан өз маңыздылығын, өзектілігін жоймайды, тарих тағылымы сарқылмас қазына.

Картиналардың фотосуреттері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорынан алынды.

 

Дерек көзі:

1.К.К.Сарсембина, М.М.Қозыбаев, Х.Б. Маслов «Саяси қуғын - сүргінге ұшыраған әйелдер, электронный журнал «edu.e - histori.kz»: Том 8 №3 (2021):Edu. e - histori.kz