Биыл мерейтой көп. Қарағанды қаласының 90 жылдығы мен Қарағанды суретшілер одағының 60 жылдығы тұспа - тұс келіп отыр. Сонымен қатар, осы одақтың іргетасын қалаушылардың бірі де бірегейі, танымал суретші Наталья Ивановна «Қарағандылық Қастеев» деп атап кеткен дарынды суретші Райымқұл Есіркеевтің туғанына 103 жыл толыпты. Қылқалам шеберінің облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіровтің портретін ұсынамыз. Райымқұл Есіркеев - суретші - кескіндемеші, Ұлы Отан соғысының ардагері. Негізінен пейзаж және портрет жанрларында еңбек еткен. 1921 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1980 жылы өмірден өтіпті. Ол Қарағанды қаласы бойынша кəсіпқой суретші атағына ие болған қазақ ұлтынан шыққан алғашқы суретші. Шығармаларының басты тақырыбы - адам. Яғни, кескіндеме арқылы адам баласының болмысын, табиғатын жеткізе білген қылқалам шебері. Суретшінің полотнолары, портреттері жəне пейзаждары, өндірістік картиналары, оның əр жұмысы өте шебер салынған. Туған жеріне, еліне, сүйікті адамдарына арналған таудай махаббатын шығармашылығына дарыта білген. Биыл туғанына 105 жыл толған даңқты батырымыз Нұркен Әбдіровтің портретін салған. Сонымен қатар, халық ақыны Шашубай Қошқарбаевтың, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың тұлғасын кескіндемеде қалдырған, - деді облыстық бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева. Нұркен Әбдіровтің бұл портреті құрғақ инемен бөзге салынған.