Біздің Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі 1988 жылы ашылған болатын, содан бері қалыптасқан тамаша дәстүр бар. Ол қаламыздың тұрғындары мен суретшілердің, қолөнер шеберлерінің музейге өз туындыларын немесе басқа суретшілердің туындыларын сыйға тартуы.
Негізінен музейдің алғашқы қорының өзі осылай жиналған болатын қарағандылық аға буын суретшілер Ю.Камелин, С.Саносян, П.Андреюк, М.Абылкасов сияқты майталман суретшілер өздерінің туындыларын музей қорына алғашқылардың бірі болып сыйға тартқан еді.
Жыл сайынғы қалыптасқан үрдіс бойынша біз 2021-2022 жылдары музей қорына сыйға тартқан туындылардан есеп беру көрмесін биылғы 2023 жылдың қаңтар айында ұйымдастырып отырмыз.
Бұл көрмеде қала тұрғындары мен қала қонақтарының назарына екі жылда музей қорына келіп түскен тамаша өнер туындылары ұсынылды.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш өткізілген «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауының жеңімпаздары мен үздік деп танылған авторлардың 17 шығармасы біздің музей қорына тапсырылды, сол тамаша туындыларды бүгінгі көрмеден көріп тамашалай аласыздар.
Бұл республикалық байқау екі кезеңнен тұрды алдымен республика бойынша суретшілерге арналған конкурстың бірінші кезеңі жарияланды. Естеріңізде болса ол кез пандемея карантин кезеңі болатын сол себепті де конкурс ОНЛАЙН түрде өткізілді.
Конкурстың өтетіндігі жайлы 20.04.2021ж. бастап http://madeniportal.kz/ «Мәдениет порталында»
- kz ақпараттық агенттігінде
- Әдебиет порталында
- kz сайтында
- kz ақпараттық агенттігінде
- kz ақпараттық агенттігінде
- kz ақпараттық агенттігінде
- Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сайты мен әлеуметтік желілерінде
9.Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің әлеуметтік
желілерінде (Вконтакте , Facebook, Тelegram:, youtube, Instagram,
Одноклассники және музей сайтында) жарияланды.
Байқаудың СУРЕТШІЛЕРГЕ арналған 1-кезеңі
20.04.2021ж.–басталып 20.06.2021ж. аяқталды.
Жеңімпаз 8 суретші анықталып, үздік 8 картина ашық жарияланды. Аталған үздік 8 картина бойынша Байқаудың 2-кезеңі жалғасты.
Республиканың әр өңірінен қатысушылардан өтінім келіп түсті әсіресе: Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарынан суретшілер белсенді қатысты.
Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен барлығы 101 суретші қатысты, 300-ден астам сурет келіп түсті.
Байқаудың АҚЫНДАРҒА арналған кезеңі 27 маусымнан 26 шілдеге дейін жалғасты. Ол кезеңде ақындар жеңімпаз атанған суретшілер салған үздік 8 суреттің біреуін таңдап, сол сурет туралы 1 поэзиялық шығармасын (өлеңін) жолдау арқылы қатысты.
ІІ-кезең бойынша қазылар алқасының қорытынды шығару мерзімі 26 шілдеден 01 тамызға дейін өтті.
Қазылар алқасы мен сарапшылардың бағалау кезеңі «Мәдениет порталында» онлайн түрде өткізілді.
Жеңімпаз Ақын мен Суретші шығармаларынан арнайы үш тілде (қазақ, орыс және ағалшын) «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» кітап- альбом дайындалды. Альбом сапалы, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, арнайы түсірілген бейне роликтерге (16 бейне ролик, олардың ішінде 8 жеңімпаз-суретші, 8 жеңімпаз-ақындар) сілтеме берілген QR-кодтармен жарық көрді.
Конкурс аяқталғаннан кейін қорытынды көрме ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында (2021жылы) желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының фойесінде ұйымдастырылды, алдын-ала келісілген келісімге сай барлық үздік деп танылған шығармалар көрмеден соң музей қорына сыйға тапсырылды. Ысқақбек Серікжан, Омархан Құмар, Темірғалиев Ерсін, Табысбек Толқын, Сапарғалиева Рахат, Бекназар Дәуренбек, Аманат Назарқұл, Рыстан Өмірзақ, Аршын Қабылбек сияқты суретшілердің түрлі туындыларымен музей қоры толықтырылды.
БАС ЖҮЛДЕНІ Толқын Табысбектің «Көсем» туындысы, Бірінші орынды Дәуренбек Бекназардың «Тәттімбеттің күйі» - «Көкейкесті» туындысы иеленсе, екінші орынды Аманат Назарқұлдың «Карлаг-репрессия машинасы» және Өмірзақ Рыстанның «Ұрпақ қорғаны» туындылары тең бөлісті, Үшінші орын үш суретшіге бұйырды Серікжан Ысқақбектің «Қоянды жәрмеңкесі», Құмар Омархан «Ақселеу Сейдімбек» және Аршын Қабылбектің «Шахтер» туындысы иеленді. Сонымен қатар ынталандыру сылығына ие болған суретшілер де бар.
Барлығы осы байқаудан музейге 17 жұмыс келіп түсті.
Себебі 8 жеңімпаз суретшілердің жұмысынан басқа Жамбыл облысының суретшісі Аманат Назарқұл «Карлаг-репрессия машинасы» атты жұмыстар сериясын (9 жұмысты) музей қорына табыстады.
Бұндай жобалар қазақ суретшілерінің әр қырлы кескіндеме өнерін жаңа соқпаққа, дамудың жаңа белесіне алып шығары сөзсіз. Суретші мен ақын арасындағы байланыс үзіліп қалмас үшін таланттардың ізденісіне жол ашатын осындай сайыстар көп болса екен дейсің. Міне, осыны жалғау мақсатында құрылып отырған жоба авторларына мың алғыс. Леонардо да Винчи айтпай ма? «Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет» деп. Бұл – заңдылық.
Суретшілер мен ақындарға қолдау көрсету мақсатында осындай сайыстар ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.
Бұдан да басқа Мәселен, 2021 жылы музей әкімшілігі мен жоба кураторы Лидия Дроздованың келісімі бойынша Алматы және Астана суретшілерінің «Қайда, қайда, Қарағандыда» атты көрмесі өтті. Көрме қорытындысы бойынша 17 автор-қатысушы музей қорына өз жұмыстарын сыйға тартты. Нысанбаев Марлан, Слабоспицкая Вера, Максименко Татьяна, Макаров Георгий, Цой Виктория, Қантарбаев Мақсат, Ведерниковтар Максим және Евгения сияқты жаңа есімдермен таныстық.
Сол жылы Дауылпаз ақын жерлесіміз Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналған «Қыран қанатты Қасым» атты облыстық конкурс өткізілген болатын сол көрме-байқауының жеңімпаз суретшілері: Аманбаев Манатбек, Оразғұлов Серік, Адыгезалов Мохубат, Темірғалиев Ерсін де өз туындыларын музей қорына сыйға тартты.
2022 жыл қарағандылық және басқа қалалардың да суретшілері жомарттық танытып музейге көп туындылар сыйға тартқан болатын. Қарағандылық суретші Карпунина Полина Италияға тұрақты тұруға кетіп бара жатқанда, өз жұмыстарының тұтас топтамасын сыйға тартты (201 бірлік). Олег Дроздов, Лидия Дроздова, Жанат Комутов, Сергей Щеголихин – жыл сайын дерлік өз жұмыстарын сыйға тартатын суретшілеріміз бұл азаматтарға біздің алғысымыз шексіз.
Қала тұрғындары музейге ең қымбат нәрсені – кенепте бейнеленген жақындарының бейнелері бар туындыларын тек өз отбасы ғана емес халық көрсе екен деген мақсатта музейге әкеліп сыйға тартып жатады. Осылайша қорымызда қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілер Виктор Михайлович Козлов, Лев Михайлович Премиров, Николай Ануфриевич Рыбецкий, Роберт Андреевич Граббенің жұмыстары пайда болды.
Балтық суретшісі Даниленко Валентин тағы да музей қорына өзінің литографиялық жұмыстарын ғана емес, сонымен қатар басқа Балтық суретшілердің графикалық жұмыстарын сыйға тартты.
Астанадан келген суретшілер Нугер Динара мен Урисбаева Гүлнара да өз жұмыстарының біздің қорларымызда болып көремендерге жақсы көңіл күй сыйлағанын қалады.
Музей қорына келіп түскен киізден басылған «Қоржынның» авторы Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, Озерный ауылының тұрғыны Матниязова Гүлбаршын. Қазақтың мәдениеті мен рухани байлығын танытатын өнердің бірі қолөнер. Қазір де қазақ халқының дәстүрлі өнерін кәсіпке айналдырып, кәсібінің нәсібін көріп отырған жандар көп. Солардың бірі Гүлбаршын ханым.
Гүлбаршын қазақтың ежелден келе жатқан қолөнерімен айналысып қана қоймай шәкірт тәрбиелеп ұлт өнерін ұлықтап жүрген қолөнер шебері, бұл қоржынды Гүлбаршын достық ықыласы ретінде маған сыйға тартқан болатын бірақ бұл қоржынның орны музейдің төрінде деп шешіп мен осы тамаша қолөнер туындысын музейге сыйға тарттым, өз атымнан және музей қызметкерлері атынан Гүлбаршын шеберге мол алғысымызды білдіреміз ең бастысы денсаулығыңыз мықты болып, ұлтымыздың өнерін дамытуда жасап келе жатқан еңбегіңізге мол табыс, қажымас қайрат пен біліктілік, отбасыңызға баянды бақыт, бақ-береке тілейміз! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болсын!
Барлық авторлар туралы жазу мүмкін емес, бірақ барлықтарыңызға, басқа қалалардың, тіпті басқа елдердің суретшілеріне музейіміздің қорына жұмыстарын сыйға тартқандары үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.
2021 жылы музей қорына 54 адамнан 192 бірлік келіп түссе, ал 2022 жылы 31 адамнан 126 бірлік келіп түсті. Әрине біз бұл үшін өте қуаныштымыз.
Музей қорын толықтыруда сіздердің әрқайсыңыздың атқарып жатқан еңбектеріңіз орасан зор. Өйткені, музей қорына берілген жұмыстар мәңгілікке сақталынып, әрқашан ел мен халықтың мәдени игілігі болып қалары сөзсіз. Бұл дәстүр әлі де өз жалғасын табады. Сондықтан да егерде үйлеріңізде суретшілердің, қолөнер шеберлерінің туындылары болса музей қорына тапсырам, ел игілігіне қызмет етсін дейтін болсаңыздар біздің есігіміз ашық.
Қоржын | Л.Дроздова «А.Ғалымбаеваның портреті» |
Т.Табысбек «Көсем» |
Д.Бекназар «Тәттімбеттің күйі-«Көкейкесті» |
МЕЙРАМГҮЛ ЕЛУБАЕВА
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
ғылыми-әдістеме
бөлімінің басшысы.
Қарағанды қаласы