Орталық Қазақстан 08.02.2018
Тордағы тағдырлар


Халық қасіреті ұмытылмайды. Себебі, ел басына түскен ауыртпалық адамдар санасынан ешқашан шығуы тиіс емес. Тарихтың ащы сабағын үйренбей, зерделемей бүгінгі тәуелсіз елімізді ілгері дамыту мүмкін емес. Сондықтан, КСРО мұрағаттарында сан жылдар бойы «аса құпия» таңбасымен сақталған құжаттарды түгелдей болмаса да, сөйлету қажет-ақ.


Қызыл империяның 30-шы жылдары белең алған қанды терроры қазақ халқына келгенде жазалаудың ерекше сипатын алды. Осы сұрқия, қанды қол саясаттың көрінісі ретінде ҚарЛаг-тың құрылғанын айтар едік. Қарағандының еңбекпен түзеу лагері КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1930 жылғы мамырдағы қаулысы негізінде бой көтерді. Келесі жылы Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда қайта құрылып, лагерь орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосына бекиді. Оған егістікке жарамды – 120 мың, шабындыққа қолайлы – 41 мың гектар жер бөлінді. Аталған лагерьдің жан түршігерлік атағы қалай алыс кетсе, оның алып жатқан аумақ көлемі де сондай алып болды (Балқаш пен қазіргі Астана қалаларының аумағына дейін созылып жатты).


ҚарЛаг – Кеңес Одағы құрамында болған барлық ұлт пен ұлыстың трагедиялық тағдыры тоғысқан тұс. Онда әйгілі 58-баппен негізсіз айыпталып, «халық жаулары», ЧСИР (Отан сатқындары отбасының мүшесі) атанған қаншама жазықсыз жандардың мұң-зары бар десеңші! Мыңдаған адамның тағдыры осы жерде шешілді. Солардың бірі – Омар Артықбаев.


1930 жылдары О.Артықбаев «Жолымбет» руднигіне келіп орнығады. Ол кезде «Жолымбет» – «Каззолото» тресі қарамағындағы үлкен кен орны саналатын.  Рудникке келген соң құрылыс бөліміне жұмысқа тұрады.  Алайда, кейіпкеріміз 1937 жылы Ақмола қаласына екі жұмысшыны әкелгенде НКВД үштігі тінту жүргізіп, қалтасынан шамалы ақша мен ат кісенін табады. Бар болғаны – сол! Дегенмен, халық комиссариатына осы да жеткілікті еді. Ақыры, үштіктің шешімімен       О.Артықбаев 3 жылға бас бостандығынан айрылып, Долинкадағы ҚарЛаг-қа жіберіледі. Жеке құжатына «С.В.Э», яғни, «қоғамға қауіпті адам» белгісі де қойылып үлгеріледі. Сөйтіп, 3 жыл ҚарЛаг азабын тартқан кейіпкеріміз 1940 жылы «Жолымбетке» оралып, алтын өндіретін шахтаға орналасады. Соғыс жылдарында шахта «брон» беріп, әскерге алынбайды. Себебі ол – мемлекеттік маңызды кен орны жұмыскері еді.


1947 жылы КСРО аумағында репрессияның жаңа кезеңі басталып, ол О.Артықбаевты да айналып өтпеді. Себеп – көршісінің айтуы бойынша кейіпкеріміз діндар молдамен жақын болған, Құрбан айт жақындағанда «Дінді бір көтерейік. Жұмысқа бармай-ақ қойыңдар. Құрмбандық шалайық» десе керек-мыс. Сөйтіп, 1947 жылы 21 ақпанда НКВД қаулысы бойынша, «тап жауы, бай құлақтың тұқымы» деген айып тағылады. Бұл қаулы шешім дәйексіз болған соң, Алматыға қосымша жауапқа жіберіледі. Сондағы сәуір соңында басталған тергеу шілдеге дейін созылады. Бастысы – тергеу барысында атақты «58-11» бабынан құтылады. Десе де, осы жылдың жазында Ақмола түрмесіне қайта қамалды. Ақмола облыстық соты О.Артықбаевты «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айыру және одан кейін 3 жыл құқықтарынан айыру туралы шешім шығарады. Сөйтіп, осы жылдың 19 қазанында «ҚарЛаг-тың қақпасы» атанған Қарабастан бір-ақ шығады. Кейін 1950 жылы ИркутЛаг-қа жіберіледі. Яғни, лагерьден лагерьге ауыстырып отырған. Бұл құдалау соңы тек 1953 жылы 15 тамызында аяқталып, елге қайтады.


Міне, бұл – ҚарЛаг азабын екі мәрте тартқан Омар Артықбаевтың өмірі. Осы жылдары 127 мыңнан астам қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамына  ең жоғары шара қолданылды. Өткен жылы ғалым-этнолог Жамбыл  Омарұлы Артықбаевтың «Әкем Омар және оның заманы» атты  еңбегі жарыққа шықты. Бұл – ғалымның әке алдындағы парызын өтеудегі бір жылдан астам ізденісі. О.Артықбаевқа  қатысты құжаттар өзіне айып таққан Долинка кентіндегі «Саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу» мұражайына қойылды.


Темірғали АРШАБЕКОВ,
тарихшы