Елубаева Мейрамгүл Айдарханқызы
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің әдіскері

 

 

Жарқын бейнең жадымызда

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  рухани ой-толғауда ұлттық құндылықтарымызға, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы баяндаған. Әрине біздің арамыздан кетсе де әр ісімен, әр сөзімен жарқын бейнесі ешқашан есімізден кетпейтін, үлгі – өнеге болатын азаматттар аз емес. Соның бірі, әрі берегейі Сары арқаның саңлақ суретшісі Әбілқасов Мыңғыштың шығармашылығына тоқталуды жөн көрдім. Ол әрқашан елі үшін еңбек етті.

 

 

Сынаптай сырғыған қайран уақыт...Кеше ғана ортамызда жайдары мінезі, салмақты болмысымен дараланған ардақты әке, сүйікті жар, ақылшы ұстаз, дарынды суретші Мыңғыш Мәуленұлының дүниеден өткеніне де бес жылдың жүзі болып қалды.   

Егер майталман суретші  тірі болса 2018 жылдың ақпан айында 75 жасқа толар еді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» - демекші Алланың жазуынан ешкім аса алмайды.

Мыңғыш Мәуленұлы тек талантты суретші ғана емес қамқор басшы, ардақты әке, ақылшы ұстаз 1994 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта 16 жыл Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры қызметін атқарып әріптестерінің алдында беделді әрі  ақылшы, адал да шыншыл басшы болды (биыл музейдің де мерейтойы 30 жыл толады).  Ол өмірінің соңына дейін  қолынан қылқаламын бір сәтке де тастаған емес, сарыарқаның саңлақ суретшісі соңғы дәмі таусылғанша  жас суретшілерге жол көрсетіп  ақылшы да, дана ұстаз бола білді, кез - келген уақытта олардан ақыл - кеңесін аяған емес. Табиғатында көп сөзді жаны сүймейтін Мәкең аз сөзбен көп мағына бере отырып әр затты байыппен түсіндіруге тырысатын еді.

Мәкең дүниемен қош айтысқан күн 2013 жылдың тамыз айының 27 жұлдызы болатын. Үнемі музейге  қамқорлық танытып жүретін ақ көңіл жан бұл жолы да қолынан келгенше  көмек көрсетпекші болып... Сол жылы біздің музейде Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100-жылдығына арналған Республикалық шара өткізуге қызу дайындық жүріп жатқан кез болатын. Осы шара барысында суретшінің мерейтой көрмесі ұйымдастырылды, сол көрмеге өз үлесін қосу мақсатымен Мыңғыш Мәуленұлы бірнеше қарағандылық суретшілерді: Мұрат Қалқабаев, Петр Кишкис, Виктор Арент, Олег Дроздов сияқты суретшілерді жинап алып суретшінің (Ә.Ысмайыловтың) кіндік қаны тамған жері Шерубай-Нұраның бойында пленэр ұйымдастырған болатын, сол күні алдында мольберт қолында қылқаламы, саусақтары бәрі бояу-бояу жүрек талмасы ұстап... Марқұмды Қарағандыдағы ауруханаға әкелген соң шіркін ағамыз тілге келместен дүниеден өтіп кетті. Сол пленэрде суретшілердің салған жұмыстары Ә.Ысмайловтың көрмесінде көрермендер назарына ұсынылды көрме аяқталған соң музей қорына сыйға тартылды, ол жұмыстар бүгінгі күнде музей қорында сақтаулы.

Арқа елінен шыққан дарынды суретші Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасов 1943 жылы 26 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келді. 17 жасында Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны тамамдаған соң көмірлі қаламызға қайтып оралып еңбек жолын бастады.

Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезінде суретші бүкіл әлемге танымал белгілі кескіндемеші суретшілерден дәріс алып, басқан қадамы сәтті болды. Бірінші курста қазақ халқының тұңғыш суретші қызы Айша Ғарифқызы Ғалымбаева сабақ беруден бастаса, одан әрі Әубәкір Ысмайылов, Молдахмет Кенбаев, Алексей Ильич Бортников сынды Одақ пен Республика көлеміне аттары танымал суретшілерден тәлім - тәрбие алды.

Ал ең бастысы Мыңғыш Мәуленұлының курстастары да осал жандар емес еді, олар Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев сынды Республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткерлері танымал суретшілер.

Әбілқасов  Мыңғыш Мәуленұлы 1970 жылы Суретшілер Одағына мүше болып қабылданады одан соң, ерен еңбегі үшін 1990 жылы «Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алды. Көптеген аймақтық, республикалық, облыстық, халықаралық көрмелерге қатысқан қылқалам шебері. Ол тек Қазақстанға ғана емес алыс - жақын шет елдерге танымал суретші.

Шебердің шығармашылығына келер болсақ суретшінің еңбектері көрген жанның жүрек қылын шертіп, ерекше сезімге бөлейді. Композициялық құрылымның бірқалыпты ырғағы, көзтартатын кеңістік тереңдігі өмірдің жалғасын, мәңгілік тіршілігін байқатады. Біздің музей қорындағы  «Сары-Арқа» (2003ж.) деп аталатын кенепте майлы бояумен жазылған жұмысы жайында айтар болсақ. Бұл жұмыста тамаша табиғат көрінісі сарыарқаның сахарасы, кең даласы, тау бөктерлері  бейнеленген. Табиғат құбылыстарын бейнелеуде суретші, табиғаттың таңғажайып сұлулығын ерекше бейнелейді. Аспан кеңістігінде, айналаның түлеуі мен құлпыруын бейнелеуде ыстық ықылас ниетін айқын аңғарамыз.

Табиғат - мәңгілік, адам және табиғат біртұтас. Ол тіпті табиғаттың дағдылы таңғажайып сұлулығын ерекше сергек қабылдап көрерменіне тамаша жеткізе  алады.

Мыңғыш Мәуленұлы – адамзат тарихынан, қоғам өмірінен бейхабар болып, өз күйін ғана күйттеген адам   емес еді. Оның азаматтық сезімі басым болатын. Оны қоғамда, айналадағы өмірде болып жатқан жайлар бей - жай қалдырмайтын. Мұны біз 30-шы жылдардағы саяси зұлматтың құрбандарына арналған «Ашаршылық», «Қайғы», «Үміт» атты (триптихынан) жұмысынан және Арент Виктормен бірігіп жасаған «Ашаршылық» деп аталатын мүсіндік туындысынан көре аламыз. Ал «Қарсылық» деп аталатын туындысында қазіргі замандағы табиғатты сақтау, қорғау дегендегі  салғырттығымызға қатаң ескерту деп білуге болады. Ол еңбек етуден еш жалықпаған сондай еңбекқор адам болатын.

Мыңғыш Әбілқасов Қазақстан бейнелеу өнері тарихында Қарағанды өңірінің жыршысы, түс сұлулығының хас шебері болып қала бермек. Соңғы жылдары суретші жалпы адамдық идеяларға терең үңіле бастады. Бұл да кескіндеме шеберінің суреткерліктің биік шыңына көтерілгендігінің белгісі. Хас шебердің  шығармалары көрерменді қуантарлықтай сұлу түсті терең мазмұнды. Дарынды талант иесінің өмірі қай жағынан алсақта кез - келген   азаматқа ғибратты, өнегелі ғұмыр.

Суретшінің көптеген туындылары Қазақстанның бірыспыра қалаларында Алматы, Астана, Мәскеу, Қарағанды, Шымкент және тағы басқа қалалардың музейлерінде, ТМД елдерінде және алыс шет елдерде жеке жинақтаушылардың қорларында сақталған.  Біздің музей қорында суретшінің 18 жұмысы сақтаулы.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған –
деп Абай атамыз айтқандай

Мыңғыш  Мәуленұлы артына өшпес мұра қалдырып кетті, сондықтан да суретшінің өзі бүгінде бақилық  болғанымен оны өнер сүйер қауым ешқашан ұмытпақ емес, жарқын жүзіңізді ешқашан жадымыздан шығармаймыз. Біз әрдайым Мыңғыш Мәуленұлының шығармаларын көрмелерде көрсетіп ол кісінің ақтаңгер суретші болғанын мақтанышпен айтып отырамыз. М.Әбілқасовтың өмірі мен өнері қай жағынан болсын көпке үлгі. Қарағанды өңірінің жыршысы, Қазақстанның қылқалам шебері атанған суретшінің қолынан шыққан өнер туындылары қай  уақытта да Қазақстан музейлерінің төрінен орын алып, ұрпақтан - ұрпаққа қызмет ете берері сөзсіз.

 Марқұм дүниеден өтерден бір жыл бұрын кіндік қаны тамған жері қасиетті Жаңарқаға барып өзі туған, балғын балалық шағы өткен, әкесі мен шешесінің иісі сіңген қара шаңырақ үйді тауып қазіргі үй иелерімен әңгімелесіп сондай марқайып, қазіргі үйдің иелері мені құшақ жая қарсы алды деп риза болып келген еді.

- „...Иығымнан бір ауыр жүк түскендей болып отырмын, әке-шешем тұрған үйді таптым ғой, тіпті сол баяғы балдәурен балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай болып отырмын деп...бұл менің көптен көңілімде жүрген ой еді деп бір күрсініп қойып, түсіріп алған фотосуреттерін мұңая отырып көрсетіп әңгімесін жалғастырғаны дәл қазіргідей есімде. Осы сәтті сапарының куәсі ретінде «Жаңа-арқаны еске алу» (Кенеп, майлы бояу. 2012ж.) туындысы жарық көрген болатын. Бұл шығармада ол туып өскен, кіндік қаны тамған  жерін, ата - анасы тұрған кішкене шағын ғана үйді тебіреніспен, үлкен сағынышпен еске ала бейнелеген. Осы шығармаға қарап отырып «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» - деген мақалдың мағынасын терең ұғынғандай боласың.

Иә, Мыңғыш аға тек суретші ғана емес ақылшы, сондай сабырлы да салмақты жан болатын, қандайда бір мәселе туындап қалса ылғида сабырға шақырып, асығыс шешім қабылдама ақылмен шешсең, шешімін таппайтын іс болмайды деп ақылын айтып отырушы еді. Өмірінде айқайлап, дауыс көтеріп сөйлегенді жаны жақтырмайтын, өзі де асықпай мәнерлеп жәй ғана байыппен сөйлейтін жан еді.  Ағымдағы жылдың ақпан айында музей ұжымы суретшінің отбасымен бірігіп еске алу көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Биік еді азаматтық тұғырың,
Бөлек еді –ау кісілік келбет, ұғымың.
Арманың да асқақ еді, көп еді,
Әттең дүние, қысқа болды-ау, ғұмырың.        

Алла иман нұрын төгіп, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Сіздің жарқын жүзіңізді біз ешқашан естен шығармаймыз. Артта қалған ұрпағы балалары мен немерелеріне Алла ұзақ ғұмыр берсін.

 

(М.Әбілқасовтың фотосы)  

 

1. М.Әбілқасов «Жаңа-Арқаны еске алу». Кенеп, майлы бояу. 2012ж.

(жеке коллекционердің қорында)

2. М.Әбілқасов „Сары – Арқа“. 2003ж. Кенеп, майлы бояу

(Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында)

3. М.Әбілқасов  «Шерубай-Нұра». 2013ж. Кенеп, майлы бояу.  

 (Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында)

 

  М.Әбілқасов «Жаңаарқаны еске алу». 2012. Кенеп, майлы бояу

 

М.Әбілқасов «Сары – Арқа». 2003ж. Кенеп, майлы бояу 

 

 

М.Әбілқасов «Шерубай – Нұра». 2013ж. Кенеп, майлы бояу (Суретшінің соңғы жұмысы)