М.Елубаева

                                                               Қарағанды облыстық бейнелеу

                                                               өнері музейінің әдіскері

 

Бейбіт күннің қаһарманы осы азамат десек қателеспеспіз, иә ол қолына қару алып жауға қарсы  майданға аттанған жоқ. Бірақ өз елі үшін, өзінің туған жері үшін он екі мүшесі түгел кейбір апталдай азаматтар жасай алмай жүрген істі атқарды әліде атқаруда. Кәріпбекті мен өз елінің нағыз патриоты деп нық сеніммен айта аламын.

Ағымдағы жылы Кәріпбек 50 жасқа толады. Мерейтойы қарсаңында 2017 жылдың қараша айында  суретші біздің музейде (Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде) өзінің дербес көрмесін өткізді, көрме аясында қаламыздағы көптеген мектеп, колледж оқушыларымен және студенттермен кездесулер өткізілді.

Осындай қаһарман суретшімен кездесіп оның өмір жолынан мағұлмат алғанымызды біз мақтанышпен айта аламыз, себебі бұл азаматтың өнері де өмірі де кез – келген адамға үлкен өнеге болары хақ.

Кәріпбек Күйіков Семей полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жердегі Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы дүниеге келген. Ия полигонның ащы зардабы бұл отбасын да айналып өтпеді. Тумыстан екі қолсыз, белі бүкіштеніп дүниеге келген ол еш мойыған емес оның өмірге деген құштарлығы тек алға жетеледі. Бала кезінде Ленинградтағы (қазіргі Санкт – Петебург) мүгедек балаларға арналған мектеп интернатқа қабылданды сонда білім алып өзі сияқты балалармен бірге оқу оқып, сурет салды. Сол интернатта жүріп ақ суретші болуды армандаған, түрлі – түсті қарындаштармен сурет салып жүреді. Қолы болмағандықтан алғашында суретті аяғымен салуға машықтанған. Құдай оған қол бермесе де талант берген екен! Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне жұрт қызыға бастайды. Бірақ, мольберт алдында ұзақ отыру белін одан әрі бүкірейтетін болғандықтан дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тиым салады. Қайсар мінезді Кәріпбек бұған мойымай, бұдан былай қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуды үйренген. Қандай қажыр, неткен төзім, не қылған өмірге, өнерге құштарлық десеңізші!

Кәріпбек өмір бойы ата – анасына деген ризашылығын айтумен келеді, әр кездесу кезінде оқушыларға:

- Ата – аналарыңды құрметтеңдер, «Өмірде әке –шешеден асқан құрметті жан жоқ, болуы да мүмкін емес» - дейді. Ол әке – шешесі туралы айтқан кезде жүрегің елжіремей, көзіңе жас алмай тыңдау мүмкін емес. Ол әке –шешесіне деген ризашылығын айтудан еш жалыққан емес (әке-шешемнің дүниеден өткеніне 7 жыл болды) деді ол кездесу кезінде.

- Әкем қарапайым көлік жүргізуші болған. Ол көлігімен жайлауда жүріп, жиі Семей полигонының аумағына баратын, сол кезде әскери адамдар әкем сияқты көлік жүргізушілерді жиі ұстап, айналып жүруге нұсқау беретін еді. Менің әкем мен шешем ядролық сынақтар кезінде аспанға көтерілген «саңырауқұлақтарды» жиі көретін. Олар шоқыға шығып қарап тұратын. Бірақ оның зардабын білмеген, ешкім ол туралы тіс жармаған. Сонда әкемнің  бір айтқаны есімде, кезекті «саңырауқұлаққа» қараған кезде оның жарқылдағаны сонша, әкемнің  екі көзі көрмей қала жаздаған. Екі қолымен бетін жауып үлгерген суретшінің «Жарылыс» деген жұмысы бар.  Міне, осы естелік негізінде мен осы картинаны салдым. Бір жағынан, адам ядролық жарылыстан бетін жауып тұр, екінші жағынан, Алла тағалаға құлшылық жасап тұрғандай болып шықты.

-Мен өмір бақи әкеме ризамын. Неге десеңіз, мен туғанда дәрігерлер менің қандай күйде туғанымды анама айтқан. Анам үш күн бойы менің қасыма жақындай алмаған. Дәрігерлер болса, көп қиналмай, бір екпе жасауды ұсынған (өзіңіз де қиналмайсыз, балада қиналмай...).  Алайда әкем келіп, мені көріп қимаса керек, «жоқ олай болмайды, бұл менің балам қандай қиыншылық болсада көреміз» - деп мені үйге алып кетіпті. Мен ешқашан анамды кіналамаймын, себебі маған дейін де отбасымызда екі бала мүгедек болып туып бір жасқа толмастан шетінеп кетті, енді міні үшінші бала менде осылай туғаныма шешем қорқып шошып қалса керек. Әкем айтатын – «балам ешқашан осылай туғаныңа ешкімді кіналама, оған шешең де, басқа кіналы емес»- дейтін.

Сондықтан да Әкем менің дұрыс азамат болып өсуім үшін ештеңе аяған жоқ, оқытты, білім алып ел қатарлы өмір сүруім үшін қолынан келгенін аяған жоқ. Барлық балалар сияқты білім де алдым, үй шаруасына да көмектестім, суда тасыдым, қорада тазаладым. Бәлкім, мен сондай керемет суретші емес шығармын. Дегенмен, әкемнің ақылының арқасында адам болдым, өзімді ешқашан ешкімнен кем санаған емеспін, менде сендер сияқты адамммын дейді. Әкемнің батыл шешімінің арқасында мен қазіргі дәрежеге жеттім, Ата-анама мың алғыс.

Әрине, бұл трагедия  көптеген  отбасына қайғы әкелді. «Балалары ұсқынсыз болып туған бірқатар отбасын көргенмін. Бұл ата-аналар келесі балалары сау болып туады деп үміттенетін. Алайда үміттері ақталмай, науқас балалар туа берді. Он баласы туған және барлығы ауру болған отбасын білемін» - деді суретші.

Қазір ата-анам дүниеден өтті бірақ жан ашыр бауырларым бар әпкем Сәуле ылғида қасымда, сурет салған кезде ол қажетті заттың барлығын дайындап береді (қылқаламды жуып, бояуларымды үстелге қойып, мольбертті дайындап) ол болмаса әрине қиын болар еді, әрі ол жұмыстар көп уақытты алады, әпкеме алғысым шексіз дейді ол. Әпкесі Сәуле әр кездесуге келген сайын Кәріпбектің қасынан табылды, шіркін бауыр үстіндегі киімін шешіп, қажетті заттарын әперіп қамқорлық жасап әбек болып жүргенін көргенде еріксіз жүрегің елжірейді.

Кәріпбек Күйіков «АТОМ» жобасының құрметті елшісі. Бұл жоба ядролық қарудың әлемге тигізген зардабы жөнінде хабарлайды.

Еске сала кетейік, Семей полигоны – Совет Одағының өте үлкен стратегиялық обьектісі болған. Бұл жоба аясында қаншама ғалым жұмыс істеген. Семей полигонындағы ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы өткен. 1953 жылы мұнда сутекті бомба жарылған. 40 жыл ішінде  - 1949-1984 жылдар аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс болыпты. Оның 90-ы ауада, 26-ы жер үстінде, 354-і жер астында болған. Сондай-ақ мұнда химиялық заттардың 175 жарылысы болған, оның 44-і 10 тоннадан астам зарядтармен іске қосылған [1].

1989 жылы Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысын құрғанын естіген ол Олжасқа хат жазған екен. Олжас оны өзі ұйымдастырған «Алматы – Хиросима» телекөпіріне қатысуға шақырыпты. Ол Олжаспен бірге халықаралық форумға шақырту алып Жапон еліне сапар шегеді. Токио, Хиросима, Нагасакиде оның шығармаларының көрмесі өтті. Жапон еліне сапары оның атын кеңістікке шығарып, өнерін әлемге танытты. Бұдан кейін оның тісімен салған картиналары дүниежүзін шарлады. Көрмелері Америка, Германия, Түркияда, Қытайда және Қазақстанның қалаларында да  ұйымдастырылып, айрықша табыспен өтті. Таңдаулы туындылары осы елдердегі жеке және мемлекеттік коллекцияларға алынды. Сол кезеңде аждаһа полигонды жаптыру үшін Алматы мен Семейде өткізілген қаншама шараларға қатысты. 1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы»  Жарлыққа қол қойды. Қазақстанның мұндай игі қадамға баруын бүкіл әлем бақылап отырды. Осыдан бес жылдан кейін барлық жер бетіндегі сынақ алаңдары жабылды. Әрине бұл бүкіл әлем жұрты үшін ең бір дұрыс қабылданған шешім еді.

- «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын» дейді ол. Оның тісімен салған суреттерін біздер қос қолдап сала алмаймыз. Нағыз азулы, нағыз қайыспас қайсар, қаһарман суретші!»

- Мен керемет суретші емеспін. Дегенмен, ойымдағы нәрсені жеткізуге тырыстым. Соны халыққа жеткізе білдім деп ойлаймын. Ал ядролық қаруға қатысты суреттерім – бұл менің жанайқайым, менің наразылығым!

- Маған пейзаж жанры ұнайды. Мен кейбір туындыларымды мал қораның үстінде отырып салғанмын. Әдемі көрініс болса, оны фотоға түсіріп аламын, не болмаса есте сақтап, артынан суретке түсіремін.  Сонымен қатар мен сурет салған кезде музыканы қойып қоямын негізінен классикалық музыканы жаным жақсы көреді және қасымда адам болғанын қаламаймын, жалғыз қалғанды ұнатамын.

...Кең дала төсіне жайылған түрлі  - түсті кілемде, бесік тұр, ол бесікте жалаңаш сәби жатыр. Күз мезгілі,  тау бөктері, кеш мезгіліндегі аспан, тыныштық – мұның барлығы тыныш қана өмір көрінісі әрине сол бесіктегі балаға назар салмай тұрғандағы көрініс. Ал ол баланың екі қолы жоқ. Кәріпбек Күйіковтың бұл туындысы «Автопортрет» деп аталады. Суретші бұл адам жанын түршіктіретін портретті жасы ұлғайып қалған шақта салды, мыңға тарта шығармалары бар олар графика, кескіндеме, ал суретшінің көрмелері талай жерді аралап келген. 2017 жылы біздің музейде болған көрмесінде экспозиция осы туындымен ашылды.

Кәріпбек Телтайұлы «Құрмет» орденінің кавалері, «Аманат» қоғамдық сыйлығының лауреаты.

«Аманат» ұлттық сыйлығы – Қазақстан Республикасындағы алғашқы сыйлық. «Аманат» қоғамдық сыйлығы еліміздің әлеуметтік – экономикалық әрі қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан және қызметі жасампаз еңбекке, игілік пен ақыл – парасатқа негізделген жалпы адамзат құндылықтарын нығайтуға көмектесетін адамдарды көтермелеуге арналған.

2017 жылы Әйгілі суретші шотландық саясаткер Билл Кидд Нобель сыйлығына ұсынылды.

Әр кездесуде Кәріпбек Күйіковтің жеке архивінен қысқаша деректі фильм көрсетілді, содан соң суретші өзінің өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып берді. Оқушыларға бұл кездесудің ұнағаны сонша 1 сағат уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейде қалдық, балалар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап та алды. Кездесу сондай тартымды да сәтті өтті, бұл кездесуден студенттер үлкен ой түйіп қайтты. Болашақта тағы да әлі талай кездесулердің куәсі болатынымызға сенеміз.

Болашақ жастардың қолында сондықтанда нағыз патриот азаматтарды өсіріп – тәрбиелеу үшін біз осындай ер жүрек, адал, елім-жерім деп жүрегі езіліп тұратын азаматтармен кездесу ұйымдастырып тұруға тырысамыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында... «Туған жерге туыңды тік!» - деген дана халқымыз. Бұл әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілікті білдіреді. Кәріпбек те өзінің туған жері Егіндібұлақты қалай жақсы көретінін, әрі өз ауылының өсіп – өркендеуі үшін қолынан келгенін аямайтынын бірнеше мәрте тілге тиек етті. Әрине бұл ойы да әркімге үлгі болатын жағдай. Біз ұлттық ерекшелігіміз бен басты құндылығымызды сақтап осындай азаматтардан үлгі ала білуіміз керек.

 

         

         

 

           

Кәріпбек Күйіковпен кездесу және суретшінің жеке

 көрмесінен көріністер

 

         

             

    Автопортрет.  Қағаз, акварель                        Жарылыс. Кенеп, акрил

 

 

         

  

  Суретші сурет салуда.                      Семей ядролық полигонына қарсы шеру

 

         

        

    1949 жылғы алғашқы жарылыс.           Берік Сыздықовтың портреті. Кенеп,

  Кенеп, майлы бояу                               майлы бояу

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Каз информ. Халықаралық ақпарат агенттігі.

2.Кейбір фотосуреттер суретшінің жеке архивінен алынды.