
Қарағанды вернисажы
03.09.2026
«Сөз. Музыка. Жан»
03.09.2026«Қарағанды вернисажы»
«Қарағанды вернисажы» жобасы аясындағы Қарағанды қаласы фотографтары мен суретшілерінің көрмесі
«Қарағанды вернисажы» жобасы қала тұрғындары мен қонақтарын шығармашыл әрі талантты адамдармен таныстыруға, өнерге, кескіндеме мен фотосуретке деген қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындарын мәдени өмірге араласуына бағытталған.
Жобаны ұйымдастырушылар - Қарағанды қаласының әкімдігі, «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ, «Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің қауымдастығы» ҚБ және Облыстық бейнелеу өнері музейі.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі - жыл сайын өтетін «Қала өмірінен бір күн» фотомарафоны. Соңғы жеті жыл бойы кәсіби фотографтар мен әуесқойлар 24 сағат ішінде Қарағандының күнделікті тыныс - тіршілігін бейнеге түсіріп, қаланың өзіндік көрнекі шежіресін қалыптастырып келеді. Биыл фотомарафон 7 тамызда өтті. Оған «Караганда» фотоклубының 14 мүшесі және қаланың 9 фотограф - әуесқойы қатысты. Юрий Варыгиннің (EFIAP) жетекшілігіндегі көркемдік кеңестің қарауына 500-ден астам жұмыс ұсынылып, іріктеу қорытындысы бойынша 23 автордың 93 фотосуреті экспозицияға енді.
Жобаның техникалық қолдауын және фотосуреттерді сапалы басып шығаруды дәстүрлі түрде тұрақты серіктес - «Этюд» фотосалоны қамтамасыз етті.
«Қарағанды вернисажының» маңызды бөлігі - 6 шілдеде Астана күніне орай Орталық саябақта өткен суретшілер байқауы. Қатысушылар ашық аспан астында жұмыс істеп, «Қазіргі Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Ұлы даланың мұрасы» тақырыптары бойынша өз туындыларын жасады. Байқауға 17 суретші қатысты. Үздік жұмыстарды кәсіби қазылар алқасы анықтап, кейін қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Экспозицияда биылғы байқау аясында суретшілер жасаған картиналармен қатар, өткен жылғы жоба аясында орындалған шығармалар да ұсынылған. Көрменің ерекше бөлігін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жұмыстары құрайды. Олар экспозицияны қоршаған әлемге деген шынайы әрі тікелей көзқарасымен толықтырады.
Көрме аясында ұсынылған фотосуреттер мен кескіндемелік туындылар қазіргі Қарағандыны, оның тұрғындарын, қалалық ортаны және мәдени өмірін бейнелейді. Олар біртұтас мазмұнға бірігіп, кәсіби шеберлікті, әуесқой шығармашылықты және балалардың әлемге деген көзқарасын тоғыстыра отырып, қаланың сан қырлы көркем бейнесін қалыптастырады.
«Қарағанды вернисажы» - бұл тек көрме жобасы ғана емес, сонымен бірге фотографтар, суретшілер мен жас шығармашылық қатысушылардың көзімен бейнеленген қаланың өзіндік шығармашылық шежіресі.

