Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 18 мамырда бүкіл әлемде музей күні атап өтіледі. Осыған орай Қарағанды облысының мұражайлары креативті шоулар, ерекше ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырып, көрермендерге ұсынады.


Xалықаралық музей күніне орай ауқымды шара Қарағандының Долинка елді мекеніндегі саяси репрессия құрбандарын еске алуға арналған «Карлаг» музейінде өтеді. 17 мамыр күні кешке «Мұражайдағы түн» акциясы ұйымдастырылып, онда қала тұрғындары мен қонақтары бұрынғы «Карлаг» штабының ғимаратын аралап, репрессия құрбандарының қандай жағдайда өмір сүргенін өз көздерімен көре алады. Одан кейін музейдің алдындағы алаңда театрландырылған шоу көрсетіледі.


Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі де «Халықаралық музей күні»мерекесіне орай 16 мамыр күні сағат 18.30-да кешкі шоу «Музей түні. Дизайнерлік шабаш» мерекелік іс-шарасына шақырады.


«Мерекелік шарада көрермендер назарына «Шығыс», «Музей түні», «Рок шок», «Қыздар-сарбаздар», «Барлығы балға», «Өз жолың» киімдер коллекциясының көрсетілімін ұсынамыз. Сондай-ақ, көрермендер теріден жасалған эко картиналар, интерьер дизайны, модульді панно, арт-нысандар, «пәтердің виртуальды шындығы», 3Д принтер, гидропоника, фитокартиналар, тұрғын үй салудағы IT технология сияқты дизайнерлік туындыларды көруге мүмкіндіктері бар. Мұражайда эстрадалық ансамбль өнер көрсетіп, саксофонның үні естілетін болады», - деді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын.


17 мамыр күні 14.00-де облыстық тариxи-өлкетану мұражайында «Түркі әлемінің бесігі» бағдарламасы ұсынылады.


«Көрермендерге атқа міну мәдениеті, түркі жазуы жайлы айтылып, қымыз дайындау тәсілі үйретіледі. Сондай-ақ, облыстық «Шежіре Life» - «Менің отбасымның тариxы» облыстық байқауының қорытындысы шығарылады», - деді музей қызметкері.


Теміртаудың тариxи-өлкетану музейінде 17 мамыр күні «Жәдігерлер бенефисі» шарасы ұйымдастырылады. Биылғы жылы мерекелік бағдарлама музыкалық аспаптар тақырыбына арналады. Музей қонақтары көне домбыралар мен гитараларды көре алады. Сондай-ақ, мұражай қызметкерлері көрермендерді мұражай алдындағы алаңда өтетін квестке қатысуға шақырады.

 

Жібек МҰҚАШЕВА