26.05.2018 Орталық Қазақстан

Отыз жылдық: орасан игілік

 

Қарағанды облысындағы жалғыз көркемөнер музейі өзінің 30 жылдық мерейтойына орай көрермендер назарына «Музей өмірінен 30 тарих» көрмесін ұсынды. Мерекелік іс-шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Мүлікұлы құттықтау сөзімен ашып, 30 жылда аталмыш өнер ордасына жетекшілік еткен басшылардың лебізімен жалғасты.

Заманауи музей тек қабырғалардағы көрмелермен ғана шектелмеуі керек. Өскелең ұрпаққа өткен күннің тарихынан сыр шертетін, ұлттық тәрбие беретін білім ордасы да бола білуі керек. Облыстық бейнелеу өнері музейі бұл бағытта алдыңғы қатарда жұмыс жасап келе жатыр.
Соның дәлелі ретінде қаламыздағы «Балдырған» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушілері өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар, қаламыздағы №1 өнер мектебі, №65 мектептің және «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» шәкірттері, Қарғанды медициналық колледжінің студенттері де жылы лебіздерін жолдады.
Бүгінгі күні музей қорында 11 мыңнан астам жәдігер бар. Музейдің «Алтын қоры» 40 Еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің және ТМД мен Қазақстанның Халық суретшілерінің шығармаларынан тұрады.
30 жылдың ішінде музейде 3 мың көрме мен шаралар өткізілді. Оның ішінде Қарағанды Суретшілер Одағының жыл сайынғы дәстүрлі есеп беру көрмесі, дербес көрмелер, сайыстық көрмелер, мерейтойлық, тақырыптық, еске алу көрмелері және тағы басқалары. Музейде стационарда да көшпелі көрмелер де өткізіліп тұрады. Қазақстандық және Ресейлік музейлермен жыл сайын ауыспалы көрмелер өткізу дәстүрге айналған.
Музейдегі ірі-ірі халықаралық шаралар – Польша, Корея, Германия, Румыния, Франция, Италия, Израйль, Куба, Қытай елдерінен келген көрмелер болды.
Көрермендер назарына музей «Уақыт түсі», «Алтын коллекцияға енген есімдер», «Мамандықтар салтанаты», «Әйел келбеті», «Әуен және рух», «Сарыарқаның бейнелеу өнері», «Социалистік реализм», «Есімдер палитрасы» және тағы да басқа көрмелерді ұсынып тұрады.
Экспозицияны біздің музей қорына түскен ең алғашқы жұмыс Гилярий Гилевскийдің «Жас кенші» және жас суретші Александр Клоковтың «Саяхатта, өмір сүр, қуан!» атты туындылары ашты. Ал сол екі жұмыстың ортасында 11407 музей жәдігері бар екенін көруге болады.
Бұлар 30 жылда жиналған жәдігерлер. Басты қабырғада 30 кескіндеме және графика жұмыстары әр түрлі жанрда әр түрлі тақырыпта орындалған – портреттер, пейзаждар, сюжетті картиналар, натюрморттар, авангард өмірі.
Экспозицияның екінші блогы шағын жұмыстардан құрылған «30» санымен бейнеленіп мерекеге сай безендірілген, бұл жұмыстардың барлығы қала өмірінен сыр шертеді.
        Мүсін және сәндік қолөнер бұйымдары блогы, музей қорынан 30 туындыдан құралған, бұлар әр түрлі техникалар мен материалдардан орындалған.
      Қайнаған музей өмірінің 30 жылдығы артта қалса, алдымызда бұдан да қомақты шаралар – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және көптеген көрмелер мен шаралар күтіп тұр. Ең бастысы үлкен де жаңа музей ғимаратына ие боламыз деген үмітіміз бар.

Назерке ЖАРТЫН,
облыстық бейнелеу өнері
музейінің
ғылыми қызметкері.